25
наурыз
2022
"Бастауыш мектеп - білім мен ғылымның бастауы" тақырыбында съезд
Ағымдағы жылдың 15 - наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласында еліміздің бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған "Бастауыш мектеп - білім мен ғылымның бастауы" тақырыбында съезд өткізілді. Бұл ауқымды шара еліміздің білім саласының дамуының көрінісі іспетті, әл-Фараби атындағы оқушылар сарайының кіре беріс дәлізінде бастауыш сынып мұғалімдеріне академиялық қолдау көрсететін "Intellectum" дамытушы ойындар жиынтығы, анықтамалық және көрнекі құралдар, электронды мектеп сайттары мен визуалды құрылғылардан тұратын көрме ұйымдастырылған. Құрылтайға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, еліміздің өңірлерінен 300-ден астам педагог, ЖОО оқытушылары, біліктілікті арттыру мамандары, білім беру басқармаларының әдіскерлері, Жамбыл облысы Меркі ауданынан №5 Ақарал жалпы орта білім беретін мектеп - гимназиясынан бастауыш сынып мұғалімі, педагог - шебер Р. Бабижанова қатысты. Съезде бастауыш білім беру мазмұнын дамытуға байланысты көптеген мәселелер көтерілді. Педагогтар арасында панельдік секциялар бастауыш білім беру мазмұнын жетілдіру; бастауыш білім берудің әдістемелік жүйесі: білім алушылардың оқу жетістігін бағалау; бастауыш сынып мұғалімдерінің әлеуетін арттыру жолдары талқылауға түсіп, қорытындысын съезд қарарына ұсынды. Әр облыстан келген мұғалім 1-4 сыныптардың пәндік құзыреттілігі бойынша тұшымды жауаптар алып, ҚР БҒМ-нің және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастырушы әріптестеріне алғысын білдірді.